Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің «Геология және мұнайхимиялық инжиниринг» кафедрасында Әзербайжан мемлекеттік мұнай және өнеркәсіп университетінің докторанттары ғылыми тағылымдамадан өтуде.
Тағылымдама Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті мен «ҚМГ Инжиниринг Қазмұнай ҒЗЖИ» ЖШС арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылды. 2026 жылғы 7–18 қыркүйек аралығында докторанттар диссертациялық зерттеу тақырыптары аясында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, зертханалық жабдықтар мен қажетті ғылыми-техникалық ресурстарды пайдаланды.
Тағылымдама барысында докторанттарға «Геология және мұнайхимиялық инжиниринг» кафедрасының қауымдастырылған профессорлары Г.С. Сабырбаева, К.Т. Бисембаева және М.Т. Табылғанов жетекшілік етті.
Тағылымдаманың практикалық бөлігін нығайту мақсатында 2026 жылғы 24 қыркүйекте шетелдік студенттер мен кафедра оқытушыларының қатысуымен «Dunga Operating GmbH» компаниясының Доңға кен орнына өндірістік сапар ұйымдастырылды.
Сапар барысында студенттер кен орнының өндірістік нысандарымен танысып, мұнай-газ өндіру үдерістерін нақты өндірістік жағдайда бақылауға мүмкіндік алды. Кәсіпорын мамандары өндірістің негізгі кезеңдері, қолданылатын жабдықтар және өндірістік қауіпсіздік талаптары туралы тәжірибелік ақпаратпен бөлісті.
Өндірістік сапар теориялық білімді практикалық тәжірибемен ұштастыруға, шетелдік студенттердің Қазақстанның мұнай-газ саласымен жақынырақ танысуына және кәсіби тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді.
Ш. Есенов университеті атынан тағылымдамаға және өндірістік сапарды ұйымдастыруға қолдау көрсеткен серіктестер мен «Dunga Operating GmbH» компаниясының ұжымына алғыс білдіреміз.
Халықаралық ынтымақтастық – ғылым мен білімді дамытудың маңызды бағыты.
